Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да білім беру туризмі дамып келеді

СҚО-да білім беру туризмі дамып келеді

Солтүстік Қазақстан облысында білім беру туризміне қызығушылық артып келеді. Мәселен өткен жылы 1-10 сынып оқушыларының 94,2%-ын қамтыған. Лагерьлер мен мектеп алаңдарында ұйымдастырылған жазғы демалыс пен түрлі бағдарламалар облыс пен қала балаларының да, ата-аналарының да назарын аудартады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Білім беру туризмі – мақсаты әртүрлі салаларда жаңа білім, дағдылар мен тәжірибе алу болып табылатын туризм түрі. Ол саяхат пен оқуды біріктіріп, тарихты, мәдениетті, өнерді, ғылымды, тілдерді және басқа пәндерді тікелей ортада зерттеуге мүмкіндік беріп, оқу процесін қызықты және есте қаларлық етеді.

Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы хабарлағандай, жазғы маусымға дайындық аясында лагерьлерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың демалуы мен оқуына қолайлы жағдай жасалады. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады: өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, барлық санитарлық талаптар орындалды, материалдық-техникалық база нығайтылды. Бұл сапалы білім беру процесін ұйымдастыруға сенімді негіз бола алады.

«204 мектеп алаңы жұмыс істеп, онда 14 808 оқушы тамақтанды. Сонымен қатар 345 мамандандырылған алаңдар ашылды, оның ішінде 34413 баланы қамтитын тілдік, пікірсайыс және көшбасшылық бағдарламалар, 6496 баланы қамтитын 27 шатырлы лагерь, 2700 баланы қамтитын 7 киіз үй лагері. 5842 баланы қамтыған қала сыртындағы 10 балалар сауықтыру лагері ұйымдастырылды. «Жаздық жолдама» жобасы аясында 522 ауыл оқушысы «Эдельвейс Бурабай» және «Парус» сауықтыру лагерлерінде тегін демалады. Сондай-ақ, «Балдәурен» республикалық орталығында 96 бала, «Бөбекте» 20 бала демалады», – деді Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.

Балалардың тұрғылықты жері бойынша демалысын 30 қосымша білім беру ұйымы мен 25 аула клубы қамтамасыз етті. Сондай-ақ үйірмелері мен секциялар жұмыс істеді: 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 283 баскетбол алаңы, 274 волейбол алаңы, 320 футбол алаңы, 41 стадион, жасанды төсемелері бар 74 шағын футбол алаңдары жұмыс істеді.

«Бір күн қалада» жобасы іске қосылып, оның аясында кесте бойынша ауылдан 3700-ден астам бала облыс орталығының көрікті жерлерін аралап қайтты. 10 маусымнан бастап Оқушылар сарайының базасында 2400 баланы қамтитын, 5 тақырыптық маусыммен Жазғы академия жұмыс істеді. Бұл бастамалар балалардың дағдылары мен білімдерін дамытуға ғана емес, сонымен қатар олардың қазіргі қоғамда табысты әлеуметтенуіне қажетті жеке қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді», – деп атап өтті Айнагүл Сұрағанова.

Қозыбаев университеті де көптеген жылдар бойы білім беру туризмін белсенді дамытып келеді. Университет ректоры Ербол Исақаевтың айтуынша, Аризона университетімен бірлескен жоба өңірде білім беру туризмін дамытуға мүмкіндік береді. Бағдарламалардың түлектері бірден екі диплом алады: Қозыбаев университеті және Аризона университеті, бұл оларға еңбек нарығында бәсекелестік артықшылық береді. Сабақтарды Қазақстан, Америка, Түркия, Италия және Польшадан келген жетекші профессорлар жүргізеді. 2025 жылы 40 студент Аризона университетінің Тусон қаласында орналасқан негізгі кампусына барады. 2026 жылы – 125 адам, 2027 жылы – 90 студент.

«Талапкерлер шетелде күндізгі бөлімде білім алу өз елінде шетелдік диплом алудан әлдеқайда қымбат екенін түсінеді. Мысалы, Тусондағы Аризона университетінің кампусында шетелдік студенттер үшін оқу 40 мың доллар тұрады, ал біздің студенттер ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттарымен мүлдем тегін білім алады. Олар қазақстандық және американдық екі диплом алып шығады. Сондай-ақ олардың Америка Құрама Штаттарына бір семестрге оқуға бару мүмкіндігі бар. Бұл біздің студенттер үшін де тегін. Осындай артықшылықтардың арқасында бізге Қазақстанның барлық аймақтарынан жастар тартылуда.Біріккен бағдарлама бойынша барлығы 1000-ға жуық адам оқиды», – дейді Ербол Исақаев.

Шетелдік талапкерлер Қозыбаев университетінің қос дипломдық бағдарламасына ақылы негізде оқуға түсе алады.

«Бүгінгі таңда университетте 16 елден 169 шетелдік студент білім алуда және бұл көрсеткіш халықаралық білім туризмін дамыту бойынша мақсатты жұмыстардың арқасында үнемі өсіп келеді. Университет тұрақты түрде халықаралық білім көрмелерін, онлайн презентацияларды және Орталық Азия мен Ресейдегі әлеуетті студенттермен кездесулерді өткізеді. Дарынды талапкерлерді тарту үшін осы өңірлердегі білім беру ұйымдарымен өкілдіктер мен серіктестіктер желісі дамытылуда. Осылайша, Қозыбаев университеті Орталық Азиядағы халықаралық білім беру хабына айналады», – деп атап өтті спикер.

Shares