СҚО-да Бірыңғай кешенді бағдарлама шеңберінде 17 субсидия бекітілді
Қазақстанда 5 ақпаннан бизнесті қолдаудың Бірыңғай кешенді бағдарламасы жұмыс істей бастады. Жаңа тетік есебінен субсидиялау тәсілі өзгерді. Енді басты назар өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және жоғары технологиялық қызмет көрсетумен айналысатын жобаларға аударылатын болады, деп хабарлайды QZ Меdia тілшісі.
“Қор мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені кезең-кезеңімен төмендететін сараланған әдісті қолданады және кәсіпкерлер нарықтық тетіктерді пайдалана отырып, қаржыландыра алады. Бұл бизнестің барлық дерлік бағыттарына қатысты: микро-кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, моно және шағын қалалар мен ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлер, әлеуметтік кәсіпкерлер. Тағы бір бағыт – қор биржасы пайда болды, ол кәсіпкерлерге қор нарығында бағалы қағаздар шығару арқылы инвестициялар тартуға мүмкіндік береді”, – деді “DAMU” КДҚ АҚ бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері Әсел Сыздықова.
Қаржылық қолдау тетіктері кеңейтілді. Кепілдіктер алу үшін несиенің ең жоғары сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұған дейін ол 1 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар, қор кезең-кезеңімен саясатқа көшуде: субсидиялар аз, кепілдіктер көп.
“Қор кезең-кезеңімен субсидиялаудан кепілдікке ауысады. Біздің Президентіміз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өндіріс жобалары мен терең өңдеуді ынталандыру туралы атап өтті. Яғни, біз астықты, етті, сүтті, металдарды, мұнай, газ және көмір химиясы өнімдерін терең өңдеуге баса назар аударуымыз керек. Бұл болашақта елдің өнеркәсіптік тірегін нығайтуға және біздің азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деді “DAMU” КДҚ АҚ бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бас менеджері Әсел Сыздықова.
Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 17 субсидия бекітілді, 8 кепілдік бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жалпы, өткен жылы қордың облыстық филиалы 51 млрд теңгеге 560-қа жуық жобаны қолдаған.