СҚО-да ет комбинатының өнімдерін шетелге экспорттау жоспарлануда
СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин “Солтүстік” ӘКК өкілдерімен бірге “Радуга” ЖШС көкөніс қоймасына барды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Біз 2020 жылдан бастап осы компаниямен тұрақтандыру қоры шеңберінде көкөніс өнімдерін сақтау, іріктеу және жеткізу бағытында әріптеспіз. Мен қойманың күзгі-қысқы кезеңге дайындығын тексердім. Қаланы өніммен үздіксіз қамтамасыз ету үшін облыс орталығының айналасындағы көкөніс қоймаларында қандай өнім көлемі сақталатынын анықтау маңызды”, – деп атап өтті Дархан Әмрин Instagram парақшасында.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік басқармасының басшысы облыс орталығының ірі сауда желілерінің тұрақтандыру қорының өнімдерімен қамтамасыз етілуін тексерді. Кейін Дархан Әмрин “ПРОВИАНТ” компаниясының ет өңдеу кешеніне барды.
“Бүгінде “Фрегат” ЖШС-нің бір кездері жұмыс істемей тұрған комбинатында жаңғырту және қызметкерлерді оқыту жұмыстары жүргізілуде. Ет комбинаты құрамына айлық қуаттылығы 2000 бас ірі қара мал немесе 1700 бас жылқы сою цехы, 500 тоннаға дейінгі өнімді сақтауға арналған тоңазытқыш камералар, көкөніс қоймасы, қуаттылығы дайын өнім түрінде 120 тонна болатын шұжық цехы, сондай-ақ жартылай фабрикаттар цехы кіреді. 2026 жылға дейін жаңғырту жұмысына 500 млн теңгеден астам қаражат құю жоспарлануда”, – деп жазды Дархан Амрин Instagram парақшасында.
“ПРОВИАНТ” компаниясы ет өңдеу кешенінің басшылығы өз өнімдерін БАӘ, Сауд Арабиясы, Түркия, Өзбекстан және Иранға экспорттауға мүдделі.