СҚО-да кәсіпкер күнбағыс майының бағасын 15% көтерген
СҚО-да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары – күнбағыс майына сауда үстемесі мөлшерінен асып кеткен, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі. Бағаны асыру фактісі СҚО азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияда айтылды.
Мәселен, “Ильинское” ЖШС “Торгсервис КЗ-2” ЖШС-дан “Родное” (1 литр) тазартылған күнбағыс майын сатып алып, түпкілікті тұтынушыға сауда үстемесін 15% асырып сатқан.
“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына сәйкес, “Ильинское” ЖШС ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл ішінде бұзушылық қайталанатын болса – шағын кәсіпкерлік субъектісіне – 10 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 АЕК мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады”,- деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасында.
Тексеру нәтижелері бойынша “Ильинское” ЖШС қолданыстағы заңнамаға сәйкес күнбағыс майының бөлшек бағасын төмендету ұсынылды.
Жыл басынан бері СҚО азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия отырысында сауда үстемесінің белгіленген мөлшерінен асып кету фактілері бойынша 14 материал қаралды, 13 факті бойынша бизнес субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.