СҚО-да негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысының экономикасы 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 7,4%-ға артып, 52,7 млрд теңгеге жетті. Аграрлық сектордың басты қозғаушы күші – мал шаруашылығы болды, бұл салада өсім 7,6%-ды құрады. Ет өндірісі 11,5%-ға артса, сүт пен жұмыртқа өндірісі әрқайсысы 4,6%-ға өсті. Бұл көрсеткіштер туралы облыс әкіміне экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов баяндады, деп хабарлайды QZ News.
Өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемі 230,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға жоғары. Тау-кен өнеркәсібі 20,9%-дық әсерлі өсімді көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі жалпы өнеркәсіптің шамамен 80%-ын құрап, 4,3%-ға өсіп, 186,6 млрд теңгеге жетті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі 9,9%-ға төмендегеніне қарамастан, аймаққа 104,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Құрылыс саласында орындалған жұмыстар көлемі 29,1%-ға өсті. Бұл өсім күрделі жөндеу жұмыстарының 27,8%-ға, құрылыс-монтаж жұмыстарының 30,6%-ға және ағымдағы жөндеу жұмыстарының 22,2%-ға артуымен байланысты.
– 44,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткішке Петропавл қаласы мен облыстың 13 ауданы үлес қосты. Сауда саласындағы тауарлар мен қызметтердің жалпы өткізу көлемі 12,5%-ға өсіп, 301,7 млрд теңгені құрады. Бөлшек саудада 125,3 млрд теңгенің тауары сатылып (НКИ – 101,1%), ал көтерме сауда – жалпы көлемнің 60%-ын құрай отырып, 175,6 млрд теңгеге жетті, – деді Қуанышбек Қалижанов.