Қауіпсіз демалыс: СҚО-да оқушылар үшін жазғы демалыс қалай ұйымдастырылады
2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 1–10 сынып аралығындағы 64 770 бала жазғы демалыспен және бос уақытты тиімді өткізумен қамтылмақ. Бағдарлама түрлі демалыс түрлерін қамтиды, деп хабарлайды QZ News.
Облыс әкіміне берген есебінде СҚО Білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова мәлімдегендей, 6200 бала қала сыртындағы лагерьлерге барады, 12 200 — тамақпен қамтамасыз етілген мектеп жанындағы лагерьлерге, 28 700 — тамақсыз мектеп жанындағы лагерьлерге, 4100 — шатырлы лагерьлерге, 2750 — киіз үй лагерьлеріне, ал 10 820 оқушы спорттық секцияларда шұғылданады.
Жазғы демалысты ұйымдастыруға 6000-нан астам педагог жұмылдырылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, лагерь қызметкерлерінің соттылығының жоқтығы полиция департаментімен бірлесіп тексеріледі.
«Солтүстік Қазақстан облысында 10 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейді, оның 9-ы облыс аумағында, ал 1-еуі Ақмола облысында орналасқан. Биыл лагерьлерде ағымдағы жөндеу жұмыстарына 393 млн теңге бөлінді. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 5 лагерьге жөндеу жүргізуге 368 млн теңге, сенімгерлік басқарушылар тарапынан 25 млн теңге қарастырылған. Балалар үшін қауіпсіз орта құру және жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Лагерьлерді қабылдау үшін білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, өрт сөндіру және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау салаларының мамандарынан құралған ведомствоаралық комиссиялар құрылды. Комиссия жұмысына аудан және Петропавл қаласы әкімдерінің орынбасарлары жетекшілік етеді», – деді Айнагүл Сұрағанова.
Лагерьлерді қабылдау 30 мамырға дейін аяқталады. 2025 жылғы жазғы маусым 6–10 маусым аралығында басталады.
«Ұзақтығы 7–10 күн болатын 5 сауықтыру маусымы жоспарланған, олар 6200 баланы қамтиды. Барлық демалушыларға тәулігіне бес мезгіл тамақ беріледі. Мемлекеттік лагерьлердегі жолдама құны орта есеппен 35 мың теңге, ал сенімгерлік басқаруға берілген лагерьлерде — 60 мың теңге. Жолдамаларды қаржыландыру әртүрлі көздерден қамтамасыз етіледі: жергілікті бюджеттен 94 млн теңге (2184 бала), демеушілік қаражаттан 42 млн теңге (1018 бала), кәсіподақтар есебінен 5,2 млн теңге (126 бала), ата-аналар төлемі арқылы 143 млн теңге (2872 бала). «Қазақстан халқына» қоры аясындағы «Жаздық жолдама» жобасы арқылы ауылдық жерлерден 5–8 сыныптағы 210 оқушы Ақмола облысындағы «Парус» сауықтыру лагерінде тегін демалады. Сонымен қатар, 96 бала республикалық «Балдәурен» орталығында, 20 бала «Бөбек» орталығында, 180 оқушы «Чайка» лагерінде демалады», – деді Сұрағанова.