СҚО-да су тасқынынан 100-ге жуық кәсіпорын зардап шекті
Зардап шеккендер тізімінде 95 кәсіпкерлік субъектісі бар, оның 70-і -Петропавл қаласында, 25-і Қызылжар ауданында орналасқан. СҚО Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, бұл тізім күн сайын артып келеді, себебі зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерін анықтау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Тізімнің көп бөлігі сауда секторындағы нысандар – азық-түлік, құрылыс дүкендері және көтерме сауда нүктелері. Сондай-ақ жиһаз, битум бұйымдарын, металл конструкцияларын өндірушілер, ауыл шаруашылығы тауарын шығарушылар, қоғамдық тамақтандыру саласының өкілдері, техникалық қызмет көрсету станциялары мен шина цехтары, мәдени-сауық алаңдары және т.б.
СҚО бойынша КП директорының орынбасары Жеңіс Қазиев атап өткендей, солтүстікқазақстандық кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген шығынды әлі толық бағалау мүмкін емес. Себебі, облыс орталығы мен кейбір ауылдарда топан су бүгінгі күнге дейін кетпеген. Бұл өз кезегінде істі қиындатып отыр.
Мамыр айының басында «2024 жылғы су тасқынының салдарынан шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидалары» ресми түрде күшіне енеді. Сондықтан, облыста қазірдің өзінде жұмыс басталып кетті. Арнайы комиссиялар құрылады. Іріктелген адамдар тиісті өтемақылардың мөлшерін анықтайды. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан Кәсіпкерлер палатасының дирекциясы да бар. Бірақ кәсіпкерлер су тартылмайынша мүліктік шығынды бағалауға кірісе алмайды.
«Үлкен шығынға ұшыраған шаруашылық жүргізуші субъектілердің бірі – «Инкубаторий №1» ЖШС. Серіктестік Қызылжар ауданы Прибрежное ауылында орналасқан. Жұмыртқаны инкубациялау және жас құстарды сату бойынша іс-шараларды жүзеге асырады. 12 сәуір күні болған су тасқыны кезінде ЖШС аумағында 3 мың бас тәуліктік бройлер балапаны және екі жеткізушінің 143 600 дана етті тұқымды инкубациялық жұмыртқасы және жұмыртқалайтын тауықтың 36 мың инкубациялық жұмыртқасы болған. Кәсіпорын басшылығынан алынған мәліметтерге сәйкес, тек осылар бойынша кәсіпкерлік субъектісіне 38,6 миллион теңгеден астам шығын келген. Ал кәсіпорынның бүкіл материалдық-техникалық базасы бүлінгенін ескерсек, жалпы шығын 300 миллион теңгеден асады», – деді Қазиев.
Кәсіпкерлердің көпшілігі бір түнде тауарлар мен құрал-жабдықтардан ғана емес, тұрақты табысынан да айырылды. Яғни, олар ақша табу және бұрыннан бар несиелік міндеттемелерін өтеу мүмкіндігінен қағылды. Бұл ретте мынаған назар аудару керек. Кәсіпорындарға берілген несиелерді төлеу мерзімін кейінге қалдыруға болады. Ал кәсіпкерлердің жеке тұлға ретінде алған несиелері туралы не деуге болады? Әрі олардың қызметкерлері жұмыссыз, тұрақты табыссыз қалды. Олардың қандай да бір әлеуметтік көмек пен қолдауға құқығы бар ма? Осы және өзге де сауалдарға кәсіпкерлер әзірге нақты жауап таба алмай отыр.
«Қазіргі таңда Петропавл қаласы мен облыс аудандарының әкімдіктері су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін жасауда. Сондықтан, деректерін ұсынбаған жандар залал келген кәсіпорындары қай жерде орналасқанына қарай шұғыл түрде қала немесе аудан әкімдіктеріне хабарласуы қажет», – деп түйіндеді СҚО КП директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.