СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен 9 кәсіпкер өтемақы алды
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлер өтемақы ала бастады. Облысқа республикалық бюджеттен бірінші транш 23 шілдеде түсті. Бұл туралы ШОБ субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынның орнын толтыруды анықтау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин мәлім етті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Ұсынылған ақпарға сүйенсек, нақтыланған мәліметтер бойынша Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан 140 кәсіпкер зардап шекті. Бұлар облыстық комиссияға шығынды өтеу туралы өтініш білдіргендер немесе өтініш білдіруге ниеттілер деп көрсетілген дереккөзде. Комиссия жұмыс бастағалы 10 кездесу өткізіпті.
«Бүгінгі күні шығын көлемі 2 млрд теңгеден асатын 99 өтінішті қарадық, оның ішінде 41 өтініш мақұлданды. Мұнда шығын көлемі 900 млн теңгеге жуықтайды. Қалғандары құжаттардың толық болмауына байланысты комиссиямен қабылданбады. Ауыл шаруашылығы субъектілерінен де өтініштер келіп түсті. Оларды басқа комиссия қарайтынын білу керек. 23 шілдеде облысымызға кәсіпкерлердің 9 өтініші бойынша өтемақы төлеуге 90 млн теңге көлеміндегі бірінші транш түсті. Ақша зардап шеккен кәсіпкерлердің есепшотына аударылды», – деді облыстық комиссия мүшесі, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Сұхбат барысында спикер облыстардан құжаттардың толық пакеті берілуі қажеттігін баса айтты. Сонда ғана республикалық бюджеттен қаражат бөлу жүзеге асырылады.
«Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері өңірлік комиссияға өтініш бермеген теріскейлік кәсіпкерлік субъектілеріне қоңырау шалып, тиісті ұсыныстар мен түсініктемелер берді. Кәсіпкерлерден өтінім беруді тездетуді сұраймыз», – деп түйіндеді сөзін Есжан Оразалин.