СҚО-да үйді жалға бергені үшін 300 000 теңгеден астам өндіріп алу туралы дау бітімгершілік келісімімен шешілді
Солтүстік Қазақстан облысында бір тұрғын Аққайың аудандық сотына жалпы ауданы 125,3 шаршы метр үй-жайды жалдау шарты бойынша қарыз сомасын өндіру туралы талап арызбен жүгінді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жауапкерлер жалдау шарты бойынша ай сайынғы жалдау ақысын уақтылы төлеуге қатысты міндеттерін бұзып, нәтижесінде 372 040 теңге қарыз пайда болған.
«Татуластыру рәсімдерін өткізу барысында тараптар судья-медиатордың көмегімен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді. Сот тараптар арасында жасалған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітті, оның талаптары бойынша талапкер талап қоюдан бас тартады, ал жауапкерлер 372 040 теңге сомасындағы қарызды талапкердің банк картасына кестеге сәйкес аударуы міндеттеледі», -делінген Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жауапкерлер шартты көрсетілген мерзімде орындамаған жағдайда талапкер қарыз сомасын өндіріп алу үшін атқару парағын беру туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы. Іс бойынша өндіріс тоқтатылды.