СҚО-да заңсыз криптовалюта айырбастау пункті арқылы цифрлық активтерді айырбастаған адамдар тобы анықталды
СҚО бойынша Экомикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары «Кибернадзор» жүйесі арқылы азаматтарды заңсыз қаржы пирамидаларының қызметіне тартуға бағытталған 115 сілтемені бұғаттады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Жасанды интеллект арқылы интернетте заңсыз ойын мазмұнына бағытталған 414 сілтеме және онлайн казино жарнамасына негізделген 625 сілтеме бұғатталды. Дегенмен, заңсыз ойын бизнесі саласында қылмыстық әрекет анықталды. Ол «Club GG» қоғамдық қосымшасында қол жетімді болған. Телеграмм-арнасы арқылы ақпараттық қолдау көрсетілген. Қолдау көрсеткен ұжым 3 әкімші мен 15 оператордан тұрған. Бұл телеграмм-арнасына 4000-нан астам адам тіркелгені белгілі болды. Қабылданған шаралардың арқасында заңсыз аккаунттар бұғатталды”, деді СҚО бойынша Экомикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары Максим Пахно.
Сондай-ақ, ІТ-құралдарды пайдалана отырып, цифрландыру және заңсыз криптовалюталардың қызметіне қарсы тұру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде, деп мәлімдеді ведомство басшысының орынбасары.
“Заңсыз криптовалюта айырбастау пункті арқылы цифрлық активтерді айырбастаған адамдар тобы анықталып, оларға қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық кіріс 680 млн теңгені құрады. 392 млн теңге сомасындағы криптоактивтер мен мүлік мемлекет тәркіленуіне жатады. Үкім апелляциялық сатыда”, – деді Максим Пахно.