СҚО-да жас зияткерлердің зияткерлік сайысы өтуде
Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы мен «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен 7–8 сынып оқушылары арасында республикалық олимпиаданың III облыстық кезеңі өтуде, деп хабарлайды QZ News.
Олимпиада еліміздің барлық өңірінде бір уақытта өтіп жатыр. Бұл білім бәйгесінің мақсаты — дарынды оқушыларды анықтап, олардың ғылыми-танымдық қызығушылығын арттыру және интеллектуалдық әлеуетін қолдау.
Орталықтың мәліметінше, облыстық кезеңге аудандық және қалалық кезеңдерден іріктелген 265 оқушы қатысып жатыр. Жалпы республика бойынша бұл кезеңге 92 мыңға жуық қатысушының арасынан 10 758 оқушы жолдама алған.
Олимпиада қатысушыларына ыңғайлы болу үшін жарыс үш жерде – Қызылжар ауданында, Петропавл қаласында және Тайынша ауданында ұйымдастырылды.
«29 сәуірде жаратылыстану-математикалық бағыттағы алты пән бойынша, ал 30 сәуірде қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы алты пән бойынша сайыс өтті. Барлық іс-шаралар YouTube платформасы арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, ашықтық пен айқындық қамтамасыз етілуде. Жеңімпаздар 7 және 8 сыныптар арасында жеке-жеке анықталады. Сондай-ақ апелляция рәсімі де қарастырылған», — деді «Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бақыт Ғабдуллина.
Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша 24 абсолютті жеңімпаз 18–21 мамыр аралығында Астана қаласында өтетін республикалық олимпиаданың финалында СҚО намысын қорғайды.