Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Су тасқыны-2025: СҚО-ның бірқатар ауданында қар қоры нормадан 28-75% жоғары

Су тасқыны-2025: СҚО-ның бірқатар ауданында қар қоры нормадан 28-75% жоғары

Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасуда. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының СҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен өңірлік даму кеңесінің бірлескен отырысында қаралды, деп хабарлайды QZ News.

СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Әсет Шайкиннің айтуынша, кейбір аудандарда қар жиналу деңгейі нормадан 28-75% жоғары, бұл көктемгі су тасқынының өтуіне кері әсер етуі мүмкін. Метеорологтардың мәліметінше, ақпан және наурыз айларында қар жинақталу процесі жалғасады. Бұл көктемде еріген судың сіңуін төмендетіп, су тасқыны қаупін арттырады.

«Өңірде су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. 38 км жаңа қорғаныс бөгеті салынып, 41 км бөгет пен қорғаныс үйіндісі нығайтылды, 108 су өткізу құбыры орнатылды. Сонымен қатар, 10 км-ден астам су бұру арығы мен каналдары тереңдетіліп, 4 км кіші өзен арналары тазартылды, 214 км нөсерлі кәріз жүйесі жөнделді және тазартылды», – деді Әсет Шайкин.

Сонымен қатар, Петропавл мен Қызылжар ауданында сегіз қорғаныс бөгетінде жұмыстар жүргізілуде. Жедел әрекет ету үшін 1904 адамнан және 1347 техникадан тұратын арнайы топ құрылды, оның құрамында 362 мотопомпа және 122 жүзу құралы бар. Сондай-ақ 27,8 мың тонна инертті материал, 51 мың қап және 130,5 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. Халықты эвакуациялау қажет болған жағдайда 16 978 адамға арналған 249 уақытша орналастыру пункті әзірленді.

Shares