Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Уәлиханов ауданында ҚХР қолдауымен заманауи ферма құруға болады

Уәлиханов ауданында ҚХР қолдауымен заманауи ферма құруға болады

Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдулов Қазақстан Республикасы Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының ғалымы және қытайлық «Цзяндао» инвестициялық компаниясының инвесторымен кездесті. Олар заманауи шаруа қожалықтарын құруға баса назар аудара отырып, ауданның жерлерін жалға беруге және оны индустрияландыруға қызығушылық танытты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

«Қытай мен Қазақстан басшыларының ауыл шаруашылығындағы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Хэнань провинциясының Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясымен бірлесіп Қазақстанда 30 мың гектарды құрайтын жоғары технологиялық, заманауи ферма құруды жоспарлап отыр. Бұл шаруашылық ғылыми зерттеулер мен ауыл шаруашылығы өндірісінің функцияларын біріктіретін болады», – деп жазды Мұрат Абдулов Facebook парақшасында.

Қонақтарға ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті таныстырылды, одан кейін тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндігін талқылады.

«Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы аудан тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, экономиканың дамуына тың серпін береді. Ынтымақтастық орнаған жағдайда компанияға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі, сонымен қатар мемлекеттік органдар тарапынан барлық кепілдіктер мен міндеттемелер орындалады», – деп жазды Уәлиханов ауданының әкімі Facebook-те.

Shares