Уәлиханов ауданының Көбенсай ауылында меценаттың қаражатына жаңа саябақ ашылды
Уәлиханов ауданына қарасты Көбенсай ауылында алғашқы тың игерушілердің заманауи саябағы ашылды. Ауылдың көркіне айналған бұл ауқымды жоба ауданның Құрметті азаматы, меценат Виктор Евгеньевич Вовктың жомарт қолдауының арқасында жүзеге асты. Инвестиция көлемі 64 миллион теңгені құрады, деп хабарлайды QZ News.
0,8 гектар аумақты алып жатқан жаңа саябақ ауыл тұрғындары үшін көптен күткен демалыс орнына айналды. Мұнда серуендеуге арналған жайлы жаяу жүргінші жолақтары, орындықтары бар демалыс аймақтары, ауыл балаларына арналған заманауи әрі қауіпсіз ойын алаңы, жасыл желектер мен түрлі-түсті гүлзарлар отырғызылып, жайлы әрі сергек атмосфера қалыптастырылған.
Виктор Евгеньевич Вовк — Көбенсай ауылының тумасы, жоғары санатты дәрігер, Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі, 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ол Алматы қаласында көп жылдан бері тұрса да, туған ауылымен байланысын үзген емес.
Виктор Вовк Уәлиханов ауданының дамуына ұзақ жылдар бойы өлшеусіз үлес қосып келеді. Саябақ құрылысына қосымша, оның демеушілігімен іске асқан жобалар қатарында:
- Мектеп тақталарын сатып алу;
- Мектеп спорт залына жөндеу жүргізу;
- Мектеп ауласын асфальттау;
- Заманауи шағын-футбол алаңын салу;
- Тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына арналған мемориалдық тақта орнату;
- Музыкалық аппаратура, кеңсе техникасы, спорт құралдары мен шағын-орталыққа арналған жабдықтарды алу;
- Ауылға су құбырын тарту және медициналық пунктке материалдық көмек көрсету;
- Заманауи стоматологиялық кабинет орнату бар.
Виктор Вовктың қызметі – нағыз патриотизм мен туған жерге деген терең сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Оның жанашырлығы мен тұрақты қолдауы Көбенсай ауылы мен бүкіл Уәлиханов ауданының әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына маңызды үлес қосуда. Жаңа саябақтың ашылуы – ауыл тұрғындары үшін демалып, қарым-қатынас жасайтын әдемі әрі маңызды орынға айналған айтулы оқиға.