23 жастағы солтүстікқазақстандық спортшы Наталья Богданова Азия ойындарында қола жүлдегер атанды
23 жастағы солтүстікқазақстандық спортшы Наталья Богданова жетістіктерімен жерлестерін қуантуды жалғастыруда, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бойжеткен 18 жасынан бастап кикбоксинг және бокспен айналысады. Бес жылда Наталья үлкен биіктерді бағындырды. Ол – кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының иегері. 2021 жылы бокстан Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер атанды. 2022 жылы Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері атанды және Бішкек, Астана, Кельн (Германия) қалаларында өткен халықаралық турнирлерде табысқа жетті. Кельнде ол турнирдің үздік боксшысы болып танылды.
Міне, кезекті жетістік. Осы күндері Қытайда өтіп жатқан Азия ойындарына өз мансабында алғаш рет қатысқан бойжеткен Қазақстан құрамасына қоланы әкелді. 66 келі салмақта 1/4 финалда ол моңғолиялық Тсетсегдари Мягмарсуренмен кездесті. Жекпе-жек 5:0 есебімен Богданованың жеңісімен аяқталды, осылайша боксшы қыз жартылай финалға жолдама алып, кем дегенде қола жүлдеге кепілдік берді. Өкінішке қарай, жерлесіміз жартылай финалда сүрінді.
«Наталья мен оның жаттықтырушыларын Азия ойындарындағы жетістіктерімен құттықтаймыз және оларға халықаралық жарыстарда жаңа жеңістер мен жетістіктер тілейміз!», – деп жазды Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.