Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Петропавлда тоғызқұмалақтан облыс чемпионаты басталды

Петропавлда тоғызқұмалақтан облыс чемпионаты басталды

А. Бөкейхан атындағы №25 орта мектепте тоғызқұмалақтан облыс чемпионаты өтуде. Жарысқа Петропавл, Шал ақын, Аққайың, Айыртау және Қызылжар аудандарынан 80 спортшы қатысуда, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“СҚО-да бұл спорт түрі жақсы дамыған. Желтоқсан айында Петропавлда республикалық жарыстар өтті. Біздің балалар жақсы нәтиже көрсетті”, – деді чемпионаттың бас төрешісі Марат Ақаев.

Чемпионатқа 14 жастан 21 жасқа дейінгі спортшылар қатысады. Бұл – іріктеу жарысы. Жеңімпаздар наурыз айында Өскеменде өтетін Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады.

“Мен түрлі жарысқа қатысамын, жақында Павлодарға барып, екінші орын иелендім. Ойын ережелеріне келетін болсақ, әр шұңқырда 9 тас бар. Ойыншылар бір-біріне қарама-қарсы отырады, кезекпен жүреді. Егер соңғы қиыршық тас тақтаның қарама – қарсы жағындағы бос жерге түссе, онда ойыншы қосымша жүріс алады”, – деді сайысқа қатысушы Айнұр Қайырбекова.

“4 жыл тоғызқұмалақ ойнаймын. Маған бұл спорт түрі ұнайды. Бұл үлкен мүмкіндіктер береді, әртүрлі қалаларға барып, ауданның намысын қорғауға болады. Мен Шымкентке бардым, өкінішке қарай, орын алмадым, бірақ бұл мен үшін үлкен және жақсы тәжірибе болды”, – деп бөлісті чемпионат қатысушысы Сабина Сәден.

Жарыс екі күнге созылады. Жеңімпаздар медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

 

 

 

Shares