Петропавловск
+21°C
Главная страница » Туризм » Имантау-Шалқар курорттық аймағы жаңа туристік маусымға дайындалып жатыр

Имантау-Шалқар курорттық аймағы жаңа туристік маусымға дайындалып жатыр

Имантау-Шалқар курорттық аймағы өңірдің маңызды туристік орталықтарының бірі болып қала беруде және қонақтарды қабылдауға белсенді дайындалуда. Бүгінгі таңда мұнда бір уақытта 3962 туристі қабылдай алатын 46 орналастыру нысаны жұмыс істейді, деп хабарлайды QZ News.

Олардың қатарында Айыртау көліндегі үш балаларды сауықтыру орталығы – «Сокол», «Чайка» және «Олимпиец» ОВЦ бар. «Изумрудное», «Адель», «Көл жағасындағы үй», «Адам», «Имантау», «Қазығұрт», «Солнечное Вип», «Турпан» және «Заря» сынды тоғыз демалыс аймағы жыл бойы жұмыс істейді.

Имантау мен Шалқар көлдерінің жағалауы бойында маусымдық демалыс базалары да көптеп орналасқан.

«ИШКА аумағында жыл сайын туристер көп шоғырланатын орындар мен демалыс аймақтарын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Туризм саласындағы кәсіпкерлер материалдық-техникалық базаларын жаңартып, ұсынылатын қызмет түрлерін кеңейтіп, орналастыру нысандарын жаңғыртып жатыр. Іс жүзіндегі демалыс орындарының иелері қонақтар үшін жағдайды жақсарту мақсатында өз базаларын ұдайы кеңейтіп келеді», – деп мәлімдеді СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы.

Сондай-ақ өңірде «Шалқар су» шипажайын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл медициналық туризмнің дамуына серпін береді деп күтілуде. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, нысанның дайындығы 80 пайызды құрайды. Шипажайдың пилоттық режимде іске қосылуы 2025 жылға жоспарланған.

«Демалыс базалары бу бөлмесі, көл жағасындағы үйлер, кафелер мен мейрамханалар, су және спорттық техника жалға беру, арнайы жабдықталған жағажайлар, мәдени-ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру сияқты кең ауқымды қызмет түрлерін ұсынады. Белсенді демалысты ұнататындар үшін табиғаты көркем аймақтармен өтетін велосипед және жаяу бағыттар жасалған. Сонымен қатар кемпингке арналған алаңдар, демалысқа арналған беседкалар мен пикник аймақтары қарастырылған», – деді басқарма өкілдері.

Туристердің демалысын әртараптандыру мақсатында Имантау-Шалқар курорттық аймағында табиғи және мәдени-тарихи нысандарды қамтитын 13 туристік маршрут әзірленіп, сәтті іске асырылуда. Қонақтарға әртүрлі қашықтықтағы жаяу, атты және велосипед бағыттары ұсынылады, бұл аймақтың табиғи сұлулығы мен ерекше ескерткіштерімен танысуға мүмкіндік береді.

Жаз мезгілінде табиғи және тарихи-мәдени нысандарға экскурсиялық турлар тұрақты түрде өткізіліп, спорттық фестивальдер, анимациялық бағдарламалар мен туристер мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен экологиялық акциялар ұйымдастырылады.

Shares