2024 жылы Петропавлда көпсалалы аурухана құрылысы жанданады
2024 жылдың 1 тоқсанында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Петропавлдағы көпсалалы облыстық аурухана құрылысын жандандыру жоспарлануда, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов айтқандай, жақында облыс орталығында екі емхананың құрылысы аяқталды. Олар қазірдің өзінде адамдарды қабылдап жатыр. Сонымен қатар, Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында емхана құрылысы жалғасуда.
“Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық мекеме салу жоспарланған. Жыл соңына дейін оның ішіндегі 5 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 1 медициналық пункттің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Келесі жылы қалған 38 нысанның құрылысы басталады.
“Денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымның тозуы 77,5% құрайды. Биыл саланы қаржыландыру 48% ұлғайды. Медициналық жабдықтармен жабдықтауға 5,2 млрд теңге бөлінді. Қабылданған шараларды іске асыру медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға және инфрақұрылымның тозуын азайтуға мүмкіндік береді”, – деп толықтырды облыс әкімі баспасөз мәслихатында.