78 жасына қараған шағында еңбек ардагері Қайырлы Едіресов өмірден озды
78 жасына қараған шағында еңбек ардагері, СҚО-ның Құрметті азаматы Кайырлы Едіресұлы Едіресов өмірден озды. СҚО әкімі марқұмның отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Қайырлы Едіресұлы Есіл ауданы Орталық ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Николаев орта мектебінде дене шынықтыру мұғалімі болып бастаған. Жастайынан өңірдің қоғамдық және саяси өміріне белсене араласты. 19 жыл партия органдарында қызмет етіп, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болды.
17 жыл бойы Есіл ауылшаруашылық колледжін басқарып, үлгілі оқу орындарының біріне айналдырды.
2008-2016 жылдары аралығында екі шақырылымдағы Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарды. Оның басшылығымен облыстық мәслихат өңірдегі маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуде атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынас қалыптастырды.
Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық кеңесін де басқарып, өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысты. Адал еңбегі үшін “Қазақстан Республикасының ағарту үздігі” төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен және басқа медалдармен марапатталған.
“Қайырлы Едіресұлы адалдығымен, қарапайымдылығымен, өзіне және қарамағындағыларға жоғары талапшылдығымен ерекшеленді. Қайырлы Едіресұлының туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады”, – деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.