Алаяқтар Қызылжар ауданының тұрғындарына 38 миллион теңгеден астам шығын келтірген
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 613 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Басым бөлігі Петропавл қаласында тіркелгенімен, аудандардағы тұрғындардың да қаскөйлердің қармағына түсу қаупі жоқ емес, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Желілік алаяқтық фактілерінің көпшілігі облыс орталығына жақын Қызылжар және өнеркәсіп жағынан дамыған Тайынша ауданында тіркелген: 25 және 24 факті. СҚО полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның отырысында қоғам өкілдерінің алдында сөз алған Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рустам Садуловтың айтуынша, 10 айдың ішінде алаяқтар аудан тұрғындарын 38 миллион теңгеге сан соқтырған.
“2023-2025 жылдарға арналған киберқылмыстарға қарсы күрес жөніндегі бағдарлама шеңберінде осы қылмыс түрінің алдын алу бойынша күшейтілген жұмыстар жүргізілуде. Тәртіп сақшылары еңбек ұжымдарымен де кездеседі. Алаяқтықтың қауіпі жайлы ескертетін 21 билборд қойылды, аудандық полиция бөлімінің аккаунттарында, баспасөзде жадынамалар мен парақшалар жарияланып жатыр. Тұрғындар арасында 17 жиналыс өткізілді. Адамдардан жеке бастарына қатысты мәліметтерді, банктік карталарының құпия пин-кодтарын, парольдарды ешкімге айтпауларын сұраймыз, жалған банк қызметкерлерінің қоңырауларына сенбеуге шақырамыз”, – дейді Садулов.
Полицейлер айтып өткендей, алаяқтар WhatsApp арқылы хабарласуды әдетке айналдырған. Бұл мессенджер адамдар арасында кең таралған. Аталмыш жүйе арқылы шалынған қоңырауды жазып алу және адамның қай жерден хабарласып тұрғанын білу мүмкін емес.
Банк қызметкерлері азаматтарға мессенджерлер арқылы емес, телефон нөмірлері арқылы хабарласады. Сондай-ақ олар адамдарды қаржылық операциялар жасауға итермелемейді. Егер осындай мазмұнда әлдебіреулер хабарласса, бірден тұтқаны қоя салған жөн.
Облыс орталығындағы және аудандардағы полицейлер алаяқтық схемаларын анықтау үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде үнемі мониторинг жүргізіп тұрады. Кибер қылмыстарды әшкерелеумен арнайы құрылған жедел-тергеу топтары айналысады. Дегенмен, тұрғындардың өздері де сақ болғаны абзал. СҚО полицейлері азаматтарды алаяқтық әрекеттерінен қорғау үшін түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп тұрады