Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Ақын және публицист Александр Курленя өмірден озды

Ақын және публицист Александр Курленя өмірден озды

65 жасқа қараған шағында Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, ақын-публицист Александр Юрьевич Курленя дүниеден өтті, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі.

Александр Юрьевич 40 жылдан астам өмірін білім саласына арнаса, соның 28 жылында Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектебінің директоры қызметін атқарды. Ол үнемі жоғары нәтижеге ұмтылатын тәжірибелі басшылардың бірі болды. Білікті ұстаздың жетекшілігімен білім ордасы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде елеулі табыстарға қол жеткізді. Курленя елімізде алғашқылардың бірі болып «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасының иегері атанды.

Александр Юрьевич әрқашан қоғамдық өмірге араласты. Қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаты болды. Оның өмірінде шығармашылыққа да орын болды. А.Ю. Курленя – көптеген ұжымдық поэзиялық жинақтардың бірлескен авторы. Қазақстанның жас ақындарының антологиясына енді. Аударма шығармаларының стилін, қайталанбас сөздік қорын шебер сақтай білген кәсіби аудармашы ретінде де өзін танытты.

«Александр Юрьевичтің өмірден өтуі – бүкіл қоғам үшін үлкен қаза. Мұндай адамдар өздерінің тынымсыз еңбегімен және таңдаған ісіне берілгендігімен біздің өмірімізді жақсартады және басқаларға лайықты үлгі болады. Александр Юрьевичтің туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», – деп жазды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров.

Shares