«Ашық есік күні»: 50-ден астам қала тұрғыны Петропавл әкіміне мәселелерін жеткізді
С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада қала әкімдігінің бастамасымен ашық есік күні өтті. Қала әкімі Серік Мұхамедиев бөлім басшыларымен, соның ішінде құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Әдеттегідей, әкімге өз сұрағын қоюға ниетті қала тұрғындарының ұзын сонар кезегі болды
Қала әкіміне 50-ден астам тұрғын өз мәселелерін жеткізді. Мысалы, кейбіреулерін Жамбыл көшесіндегі көлік қозғалысы алаңдатады. Өйткені бұрын бұл жол жаяу жүргіншілерге арналған болатын.
«Бұл жолда әрдайым екі жақты қозғалыс бар. Жүру мүмкін емес. Бірде-бір жасанды кедергі орнатылған жоқ, біз сұрадық, өтініш жаздық», – деп шағымданды тұрғындар.
Қала басшысы жауапты тұлғаларға бұл мәселені шешуді тапсырды.
«Бұл Жамбыл өткелі екі жақты қозғалысқа арналмаған. Мұнда біржақты қозғалыс болуы керек. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тар көшені жүктемеу қажет. Бұл мәселені құқық қорғау органдарымен бірге пысықтаңыздар. Жасанды кедергілер орнатып, тиісті белгілер қойыңыздар», – деп тапсырма берді Петропавл әкімі.
Көпшілікті тұрғын үй алу кезегі де қызықтырды. Негізінен, кезектің баяу жылжуы алаңдатты.
«Сіздің кезегіңіз әлі келген жоқ. Сіз сияқты адамдар кезекте тұр. Біз бәрін ығыстырып, сізге пәтер бере алмаймыз, өйткені сіздің алдыңызда да күтіп отырғандар бар. Биыл 110 пәтер сатып алып, кезекте тұрғандардың баспана алу процесін жылдамдатамыз», – деп түсіндірді қала басшысы.
Сондай-ақ, аулалардағы балалар алаңдарын абаттандыру, апатты ағаштарды кесу және жер мәселелері де көтерілді. Еске сала кетейік, 28 ақпанда қалалық мәдениет үйінде қала әкімінің халықпен есептік кездесуі өтеді. Кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, кез келген тұрғын өз мәселесін жеткізе алады.