“Ботай – Ұлы дала мәдениеті” көрмесі Наурыз мерекесінен кейін Қытайға жол тартады
Әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі – Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесінде “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” атты картиналар мен қолдан жасалған бұйымдар көрмесі орналасты. Ол мерекенің ерекше сәніне айналды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Біздің мұражай 2019-2023 жылдары “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” атты халықаралық суретшілер симпозиумын өткізді. Сегіз елдің суретшілері қатысып, бейнелеу өнері мұражайының қорларына 40-қа жуық картина тапсырды, олар бүгін көрменің негізіне енді. Өңірге Германия, Франция, Бенин, Румыния, Қазақстан, Өзбекстан суретшілері келген еді. Біздің көрме сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдарымен де толықтырылған. Бұл бұйымдар ат спорты мәдениетімен байланысты”, – деді облыстық музей бірлестігінің басшысы Гүлнәр Мұқышева.
26-31 наурыз аралығында облыстық музей бірлестігінің қызметкерлері Бейжің қаласына “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” көрмесін ұйымдастыру және өткізу үшін барады.