Бұрынғы ішкі істер қызметкерлері СҚО-дағы “Qnet” қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың қатарында болған
ҚР Қаржы мониторингі Агенттігінің аумақтық департаментінің өндірісінде 2018-2021 жылдар аралығында жұмыс істеген “Qnet” қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басшылық ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
2018 жылы ұйымдастырушылардың бірі “Qnet” халықаралық компаниясының сайтында тіркелу арқылы тәуелсіз өкіл сертификатын алып, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында “Qnet” құрылымдық бөлімшесін құрған. Пысықайлар Малайзияда тіркелген “Qnet” халықаралық компаниясының интернет-саудасын жамыла әрекет етті.
“Бірлескен қызметке қатысу үшін азаматтар “Qnet” компаниясының тәуелсіз өкілі ретінде тіркелу және саяхатшының картасын сатып алу үшін 600-ден 800 мың теңгеге дейін, сондай-ақ кеңсені жалға алу үшін 40 мың теңгеден жарна төлеуге тиіс болды. Азаматтарды тарту мақсатында ұйымдастырушылар кездесулер, оқыту семинарлары, дәрістер, үгіт – насихат жұмыстары өткізілген кеңсе бөлмелерін жалға алды”, – делінген СҚО бойынша ҚМА хабарламасында.
Қазіргі уақытта 82 млн теңге көлемінде ақшалай қаражатын сеніп тапсырған 73 салымшы анықталды. Ұйымдастырушылардың құрамына халық арасында сенімге ие болған ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері кірген. Бұл жағдайды ушықтырып отыр.
“Істің барлық үш қатысушысы ұсталып, ҚР ҚПК-тің 128-бабы тәртібімен Петропавл қ. ПБ УҰИ-ға қамалды. Қылмыстық іс ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігі бойынша тергелуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды. Құрметті азаматтар, егер сіздер “Qnet” құрылымдық бөлімшесінің заңсыз қызметіне тартылған болсаңыз, СҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жеке өтініш немесе сенім телефоны арқылы хабарласуды сұраймыз”, – делінген хабарламада.