Электрлі самокат жүргізушісі 70 жастағы тұрғынды соғып кетті
СҚО полицейлері электрлі самокат жүргізушілерінің жиі жасайтын бұзушылықтары жайлы айтты. Соңғы уақытта көліктің бұл түрі Петропавл қаласында кең сұранысқа ие болды. Өкінішке қарай, қаланың кейбір тұрғындары оларды жауапкершілікпен пайдаланбайды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Облыс орталығында самокаттардың қатысуымен жол-көлік оқиғалары тіркеліп үлгерді. Біріншісінде самокат жүргізушісі жол үстінде автокөліктің астына түскен, екінші жағдайда тротуарда кетіп бара жатқан 70 жастағы қарт әйелді қағып кеткен. Тәртіп сақшылары кінәлі адамды тез арада анықтады. Ол 16 жастағы жасөспірім болып шықты. Баласының жол жүрісі қағидаларын білуін және сақтауын бақыламаған әкесі ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Баптың санкциясы 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды көздейді. 30 тамызда электрлі самокаттарды пайдалануды реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Сол уақыттан бастап полиция қызметкерлері электрлі самокаттарды басқаратын жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын сақтауы бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Полиция қызметкерлер ескерткендей, электрлі самокатпен жол үстімен жүру үшін жүргізуші 18 жасқа толған, басына арнайы шлем киген және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Сондай-ақ оларға жолаушыларды тасымалдауға, бір бағытта екі жүру жолағы бар жолда сол жаққа бұрылуға тыйым салу сияқты талаптар қойылған. Жаяу жүргіншілер өткеліне келгенде самокаттан түсіп, жаяу өтуі керек. Бұдан бөлек, тротуарда жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуі тиіс.