Ерлік ұмытылмайды: Петропавлда Кеңес Одағының батыры Александр Матвеевтің қабірі абаттандырылды
Петропавл қаласында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында «AMANAT» партиясының СҚОФ өкілдері мен «Жастар Рухы» жастар қанаты Отан соғысының қатысушысы, Кеңес Одағының Батыры Александр Владимирович Матвеевтің қабірінде тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды QZ News.
Александр Матвеев — Петропавл тумасы, оның өмір жолы ерлік пен жанқиярлықтың жарқын үлгісі. Ол Отан соғысы басталған сәттен бастап майданға аттанған. 34-ші гвардиялық мотоатқыштар бригадасының құрамында Курск шайқасына қатысып, Днепр мен Прут өзендерін өткелден өткізді, Польшаны азат етуге атсалысты. 1945 жылдың қаңтарында шайқастарда көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Демобилизациядан кейін запастағы подполковник шенінде туған қаласына оралып, Петропавлдағы ұн комбинатында директордың орынбасары қызметін атқарды. Ол 1972 жылы өмірден өтіп, Ескі православ зиратында жерленген.
«Батырларды есте сақтау — бұл біздің тарихи жауапкершілігіміз. Мұндай шаралар — жай ғана тазалық жұмыстары емес, бұл құрмет көрсету мен жастарға бейбіт өмір сыйлаған ерлердің ерлігін еске салу мүмкіндігі. Александр Матвеев — бүкіл ел мақтан тұтатын қаһарман. Біз оның есімін мәңгі есте сақтауымыз керек», — деп атап өтті «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.