Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО-дағы ауруханалар мен емханаларда бастау алған күрделі жөндеу жұмысын сапалы аяқтауды тапсырды
Солтүстік Қазақстан облысында 46 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған, оның 8 жыл соңына дейін іске қосылады. Бұдан басқа, өңірде облыстың 27 медициналық мекемесін қамтыған ауқымды жөндеу науқаны жүргізілуде. Жұмыс барысы туралы СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Мәселен, “Береке” шағын ауданында емхана құрылысы жалғасуда. Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында емхананың құрылысы басталды, оны келесі жылы аяқтау жоспарлануда.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 480 төсек-орындық көпсалалы облыстық аурухана құрылысы жалғасуда.
Жаңа нысандардың құрылысымен қатар, жұмыс істеп тұрған ауруханалар мен емханаларды қолдау туралы ұмытпауымыз керек. Биыл 27 медициналық мекемеде күрделі жөндеу жүргізуге 2 миллиард теңге бөлінді.
“27 жобаның 8 аяқталды, 2 аяқталу сатысында, 1 техникалық қадағалау шартын жасасуда, 8 кестеге сәйкес жүріп жатыр, алайда мерзімдерді бұзатындар да бар”, – деп атап өтті ҚұмарКүсемісов.
Облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетов отырыста сөз сөйлеп, “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы шеңберінде объектілер құрылысының уақытылы аяқталуын ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ күрделі жөндеулердің сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан басқа, денсаулық сақтау объектілерін күрделі жөндеу бойынша 2024 жылға ұсыныстар енгізу қажеттігіне тоқталды.