Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО-дағы сепаратизм туралы: “Бақытымызға орай, елде мұндай бірең-сараң жағдай тіркеледі”
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің сепаратизммен қалай күресіп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Бірнеше күн бұрын Петропавл қалалық сотында “Халық кеңесі” деп аталатын ұйым мүшелеріне үкім шығарылды. Төрт адам 7 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
“Бақытымызға орай, елде мұндай бірең-сараң жағдай тіркеледі. Біздің облысқа келетін болсақ, бұл жағдай орын алды. Өткен аптада заң бұзған ұйымдастырушылар сотталды. Мен тек бір фамилияны жария етейін, қозғалысты ұйымдастырушы Зудерман 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгінде облыста сепаратизм сияқты мәселелермен Қазақстан халқы Ассамблеясы айналысады. Этномәдени орталықтарға барып, басшылармен кездестім. Бүгінде олар қоғамда сепаратистік көріністер болмас үшін алдын алу, адамдармен кездес және тиісті жұмысты бақылау сынды іспен айналысып отыр”, – деді СҚО басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ғауез Нұрмұхамбетов бұл мәселемен бірінші кезекте құқық қорғау органдары айналысатынын атап өтті. Әкімнің сөзінше, олар мұндай жағдайлардың алдын алуда жауапты болуы керек.