Интернет-алаяқтық: СҚО полицейлері sim-бокстарды пайдаланған деген күдікпен ТМД азаматын ұстады
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Петропавл қаласында sim-бокстардың қолданылғанын анықтады. Олар жалған құжаттар арқылы жалға алынған пәтерлерге орнатылған, деп хабарлайды QZ News.
Күдікті ретінде ұсталған — ТМД елдерінің бірінің 32 жастағы азаматы. Sim-бокстарды пайдалану арқылы интернет-алаяқтар жәбірленушілерге жалған нөмірлермен қоңырау шалып, «банк қызметкері», «құқық қорғау органдары өкілі», «ұялы байланыс операторынан», «Қазпоштаның» атынан және басқа ұйымдардың атынан сценарийлерді іске асырады.
Құқық қорғау органдары ескертеді: барлық алаяқтық тәсілдер, түптеп келгенде, үш негізгі мақсатты көздейді:
1. Алаяқтар адамды SMS арқылы келген растау кодын айтуға итермелейді. Мұны жасауға болмайды – кодты білген жағдайда олар сіздің шоттарыңызды иемдене алады.
2. Олар алдап, телефонға AnyDesk, TeamViewer, HopToDesk, AirDroidControl секілді бейтаныс қосымшаларды орнатуға көндіреді. Бұл – қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшалар. Алаяқтар сол арқылы сіздің телефоныңызды толық басқаруға мүмкіндік алады. Егер телефоныңыз өз бетімен әрекет ете бастаса, дереу «Ұшақ режимін» қосыңыз – бұл қашықтан байланысты үзуге көмектеседі.
3. Көп жағдайда алаяқтардың мақсаты – адамды ірі несие алуға көндіріп, қаражатты жалған «қауіпсіз» немесе «резервтік» шотқа аударуға мәжбүрлеу.
Есіңізде болсын: ешқандай нағыз банк қызметкері сізді қандай да бір қаржылық операцияларды орындауға көндіруге тиіс емес. Өзіңізді қорғау үшін Egov.mobile мобильді қосымшасында несие алудан ерікті түрде бас тарту қызметін пайдаланыңыз.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынған. Полицейлер оның ауқымды киберқылмыстық желінің әрекетіне қатыстылығын тергеп жатыр.