Kozybayev University түлектері «Samgau 2025» салтанатты рәсімінде диплом алды
Қаланың орталық алаңында Kozybayev University үздік түлектеріне арналған «Samgau 2025» салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты, деп хабарлайды QZ News.
Өңір басшысы жас мамандарды өмірлеріндегі маңызды кезеңмен құттықтап, оларға табысты кәсіби жол мен туған өлкенің дамуына белсенді атсалысуды тіледі. Салтанатты кештің құрметті қонақтарының қатарында Анатолий Башмаков пен Самал Еслямова сынды танымал тұлғалар да болды.
«Биыл университетті 1,5 мың түлек тәмамдады, олардың 300-ден астамы оқуын үздік бітірді», – деді облыс әкімі.
Ол мемлекет тарапынан жастардың әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Олардың қатарында – заманауи зауыттар мен фабрикалар, креативті орталықтар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы бар.
Kozybayev University мен Аризона университеті арасындағы халықаралық әріптестікті дамыту және университеттің беделді әлемдік рейтингтердің біріне енуі де ерекше аталып өтті.
«Бұл – университет оқытушылары, студенттері және бүкіл ұжымының ортақ еңбегінің нәтижесі. Олар осы табысты оқиғаның бір бөлігіне айналды», – деп атап өтті өңір басшысы.
Сөз соңында Ғауез Нұрмұхамбетов түлектерге биік мақсаттарға батыл қадам басуды, ата-ана сенімін ақтап, ел болашағына елеулі үлес қосуды тіледі.