Kozybayev University жатақханасындағы өртке қысқа тұйықталу себеп болды
17 мамыр күні Петропавл қаласының Бостандық көшесінде төтенше жағдай орын алды. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің №1 бес қабатты жатақханасында екінші қабаттағы бөлмелердің бірінде төсек жабдықтары тұтанған, деп хабарлайды QZ News.
Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, 60 адамды ғимараттан эвакуациялады. Оқиға орнында ТЖД-ның психологиялық қызметі жұмыс істеп, қатты күйзеліске түскен үш студентке қажетті көмек көрсетті. Тағы бір студентке алғашқы медициналық жәрдем көрсетілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына электр сымдарындағы қысқа тұйықталу себеп болған.