М.Жұмабаев ауданының тұрғынынан төрт еліктің денесі мен қару тәркіленді
СҚО полицейлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеуде. Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Осындай кезекті рейдтердің бірінде М.Жұмабаев ауданындағы Пулеметовка ауылының маңындағы орманда аңшылықтың белгілерін анықтады. Мылтықтың дыбысын естіген тәртіп сақшылары жараланған ересек елікті қуып жүрген алты ер адамды байқап қалған, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Үшеуінің мылтықтары бар, олардың тек біреуінде ғана бір жасқа дейінгі бір бас жануарды атуға рұқсат қағазы болған. Кейін аңшылыққа қатысқандардың бірінің қорасынан тағы атылған 3 елік табылды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Атылған 4 елік, 5 бірлік аңшы мылтығы тәркіленді.
«Қазіргі уақытта осы қылмысты жасады деген күдікпен ауданның 37 жастағы екі тұрғыны күзетпен қамауға алынды. Сондай-ақ 62 жастағы тағы бір ауыл тұрғынын жауапкершілікке тарту мәселесі шешілуде. Болған оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталмақ. Табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар күшейтілген түрде жүргізіліп жатыр», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов.