Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Мемлекет басшысы Петропавл су торабына барды

Мемлекет басшысы Петропавл су торабына барды

Мемлекет басшысы Петропавл су торабында болды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Іргетасы 1973 жылы қаланған нысан Сергеевка және Петропавл су қоймаларының белгіленген режимде толтырылып, іске қосылуын қамтамасыз ету арқылы Есіл өзенінің ағысын реттейді.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірдегі су тасқынына Есіл өзені мұзының еруі және Ақмола облысынан ағын судың келуі себеп болған. Әсіресе, биылғы сең жүру кезеңінде мұздардың кептелісі салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, сел жүрді. Бұл инфрақұрылымның істен шығуына және Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басуына әкеп соқтырды. Сондай-ақ ол су тасқынына қарсы іс-шараларға 2500 ерікті белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді.

Мемлекет басшысына «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев СҚО төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін қорғаныс ведомствосының 700 әскери қызметшісі мен 33 техникасы жұмылдырылғанын баяндады. Оның айтуынша, әскерилердің негізгі күші қаптарды құммен толтыру, бөгеттер салу, Петропавл қаласының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданының елді мекендеріне жақын маңдағы жағалауларды нығайту жұмыстарына бағытталған. Су тасқынына қарсы күрес шаралары басталғаннан бері әскерилер жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, бөгеттер салу, оларды нығайту жұмыстарын атқарған. Бұл бөгеттердің жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асады.


Сонымен қатар, Президентке қалыптасқан жағдайды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін жылжымалы басқару пункті жабдықталғаны жөнінде мәлімет берілді

Ол үшін әр 2,5 сағат сайын жергілікті жердің 2D форматты картасы арқылы ақпарат беруге қабілетті ұшқышсыз басқарылатын барлаушы ұшу аппараты пайдаланылады. Сондай-ақ тәулік бойы ұша алатын әрі су тасқынына қатысты жағдайдың өзгеруіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін термовизиялық камерасы бар дрон қолданылады.

«ҚазСуШар» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин Президентке Сергеевка су қоймасы 2022 жылы көпфакторлы тексерістен өткенін және оның техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланғанын мәлімдеді. Бүгінде өңірдегі екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.

Shares