Облыс полицейлері сегіз есірткі сатушыдан құралған ұйымдасқан топты ұстады
СҚО-ның полицейлері Петропавл аумағында есірткі таратумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін ұйымдастыру және оған қатысу жөніндегі іс материалдарын сотқа жолдауға дайындап жатыр, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Ұсынылған дерекке сүйенсек, облыстық полиция департаменті құрамындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері Петропавл қаласына аса ірі көлемде марихуана мен гашишті жеткізу және тарату арналарын бірнеше ай бойы зерттеді. Есірткінің аса ірі көлемі ел астанасынан жеткізіліп отырған, кейін жұмысқа таратушылар кіріскен. 2023 жылдың мамыр айында жедел уәкілдер СҚО прокуратурасымен келісе отырып, ұйымдасқан қылмыс қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, Петропавл қаласында жеті күдіктіні және Астана қаласының 35 жастағы тұрғынын ұстады. Полицейлердің айтуынша, соңғысы қылмыстық топтың ұйымдастырушысы болған.
“Күдіктілерді ұстау кезінде жалпы салмағы 49 келі 318,27 грамды құраған есірткі тәркіленіп алынды, оның 81,58 грамы – гашиш. Төртеуі күзетпен қамауға алынды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері мен жүргізілген көптеген сараптамалар аяқталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1 және 2 бөліктері, 297-бабының 3-бөлігі бойынша қозғалған іс материалдары сотқа жіберілуге дайындалып жатыр”, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.