Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Олжас Бектенов СҚО-ның ірі кәсіпорындарын аралады

Олжас Бектенов СҚО-ның ірі кәсіпорындарын аралады

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өнімдері ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, теміржол салаларында кеңінен қолданылатын бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік әлеуетімен танысуды өңірдің байырғы кәсіпорындарының бірі, ғасырлық тарихы бар С.М. Киров атындағы зауытты аралаудан бастады. Отандық машина жасау саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылатын зауытта электронды жабдықтарды әзірлеу мен өндірудің толық циклы қамтылған. Осы жылдың екі айында өндіріс көлемі 9,5%-ға өсіп, 193,7 млн теңгені құрады.

Олжас Бектенов Петропавл ауыр машина жасау зауытының технологиялық жаңғырту нәтижесімен де танысты. Мұнда мұнай-газ, энергетика және теміржол салаларында қолданылатын өнімдердің кең желісі шығарылады. Бұдан бөлек, зауыт мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын орындайды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Локализациялау деңгейі жоғары әскери мақсаттағы өнімдерді өндіру циклін құру импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорынның мүмкіндіктерін теміржол және мұнай-газ саласындағы қажеттіліктерді қамту үшін пайдалану керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Келесі нысан мұнай өнеркәсібіне арналған сорғыш штангалар шығаратын «Мұнаймаш» АҚ кәсіпорны болды.

Полипропилен ыдыс шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі «SMBGROUP Family» ЖШС-ында Олжас Бектенов еліміздің жеңіл өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, сыртқы нарыққа шығу қажет екеніне тоқталды.

Бұдан бөлек, Премьер-Министр «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС жұмысымен танысты.

«РимҚазАгро» ЖШС қағаз өнімдері зауытында Олжас Бектеновке макулатураны қайта өңдеудің белгіленген циклі көрсетіліп, кластерді одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндалды.

Нысандарды аралап шыққан Премьер-Министр мемлекет өңдеу өнеркәсібін және халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Бұл ретте отандық өнімнің сапасына ерекше мән беру қажет. Ол үшін бизнес үздіксіз дамып, жаңа өндірістерді де игеруге тиіс. Өз кезегінде Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады.

Shares