Павлодар облысында өгей әкесі екі жасар қызды аяусыз соққыға жығып, екі бұғанасын сындырып тастады
Павлодар облысында 2 жасар сәбиді өгей әкесі аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлайды QZ News тілшісі NewTimes.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
16 қаңтарда баланың анасы 2022 жылы туған қызының бұғана сүйегінің ауырсынуына шағымданып, облыстық балалар ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жүгінген.
«Кезекші травматологтың тексеруі және рентгенографиясы екі бұғана сүйегінің жабық сынығын көрсетті. Анасының айтуы бойынша, бала төсектен құлап кеткен, содан кейін ауырсыну шағымдары басталған. Қызды таңып, амбулаторлық бақылауға алдық», – дейді травматолог Сергей Самет.
Алайда келесі күні анасы қызына өгей әкесінің қол көтергенін айтып, қайтадан ауруханаға барған. Полиция денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, Павлодар қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева күдіктінің зардап шеккен қыздың анасымен бірге тұратынын растады.
«Ер адам азаматтық некедегі әйелінің екі жасар қызына дене жарақатын салған. Қыз балаға гипс салынды, ол үйде дәрігерлердің бақылауында. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша жүргізілуде. Мен зардап шеккен отбасымен жеке кездестім, іс менің бақылауымда», – деді Шәкенева.