Петропавл аулаларын абаттандыруға 1,5 млрд теңге бөлінді
2024 жылы облыс орталығындағы аула аумақтарын абаттандыруға қомақты сома бөлінуде, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
2023 жылы кезекке сәйкес 34 балалар ойын алаңы мен 42 спорт алаңы салынды. Ал асфальттау 15 аулаішілік аумақта жүргізілді. Қала әкімі Серік Мұхамедиев атап өткендей, кезек тұрғындардың өтініштеріне сәйкес құрылады. Бұл ретте бір мәселе бар. Қазіргі жағдайда шаһардағы бір аулада жаңа алаң тұрса, көрші аулада ескірген алаң тұрады.
Қалада барлығы 593 аула бар. Оның 260-ы қанағаттанарлықсыз күйде.
“Осы мәселені шешу үшін биылдан бастап жұмысқа деген көзқарасымызды өзгертеміз. Біз алдағы 5 жылға кварталдар бойынша аула аумақтарын абаттандыру тетігін әзірледік. Ағымдағы жылға 1,5 млрд теңге бөлінеді. Бұл сомаға 20 кварталдағы 60-қа жуық ауланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Асфальттау жүргізіледі, балалар және спорт алаңдары, шағын футбол алаңдары, қоршаулар, жарықтандыру, бейнебақылау орнатылады, яғни аулалар толық жасақталатын болады. 5 жыл ішінде барлық 260 ауланы қамту жоспарлануда. Бұл қала тұрғындарының тұрмыс жағдайын айтарлықтай жақсартады деп ойлаймыз”, – деді Серік Мұхамедиев.