Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл мектептеріне террорлық шабуыл қаупі: СҚО полициясы телеграмм-арналарда шұғыл хабарламалардың таратылуына қатысты түсініктеме берді

Петропавл мектептеріне террорлық шабуыл қаупі: СҚО полициясы телеграмм-арналарда шұғыл хабарламалардың таратылуына қатысты түсініктеме берді

Петропавлдың 6 бірдей мектебінде атыс жоспарланғаны туралы ақпарат сенбі күні мессенджерлерде тарала бастады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Оқиғаның жай-жапсары былай: хабарламаның авторы телеграммда арна құрады. Артынша жазба жарық көреді. Онда қару-жарақпен бірге түскен сурет бар. Ал жазбаның өзінде автор бірнеше ондаған адамнан тұратын топпен әрекет ететінін айтады.

“Бірден қайда баратынымызды айтамыз. Мектептер: 13,32,4,10,23,9, “БРЭСТ” гимназиясы (қалада “БЭСТ” гимназиясы бар). Дүйсенбіде бұл мектептерде атыс болады. Біз 20-дан артықпыз. Қорықпаймыз, милиция бізді ұстай алмайды. Біз сіздерді атамыз. Сіздердің тамақтарыңыз кесіледі. Өз мектептеріңізде ажал құшасыздар. Күні: 19.02.2024 Петропавл. Қосымша жаңалықтар күтіңіз”,- делінген телеграмм-арнасының хабарламасында.

Жағдайға қатысты Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің қызметкерлері түсініктеме берді.

“Бір күн бұрын полицияға қала мектептерінің оқушыларына қауіп төнетіндігі жайлы жазбалар орналастырылған анонимді телеграмм-арнаның бар екендігі туралы ақпарат келіп түсті. Осы жазбаның авторы мен мазмұнын анықтауға, тексеруге облыстық және қалалық полицияның жедел қызметтері және бейінді бөлімшелерінің қызметкерлері кірісті. Яғни, Петропавл қаласының мектептеріне шабуыл жасау қаупі фактісі бойынша тексеру жүргізілуде. Оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша қажетті шаралар да қабылдануда. Бұл мәселе полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында”, – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

СҚО ПД дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар 5 мың айлық есептік көрсеткіш (18 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салуға не 5 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе айыруға әкелетінін еске салады.

Қалалық мектептердің өкілдері де тараған ақпарға бірден елең етті. Олар балалардың ата-аналарына тыныштандыру мақсатында жүгіне бастады.

“Телеграммда балаларды белгілі бір топқа шақыру жайлы ақпарды көрген және дүйсенбіде мектептерде болатын террор туралы деректі оқыған ата-аналар, ата-аналар комитеттерінің төрағалары, дүрбелең көтермеуді өтінемін. Айтылған бұл топта балаларыңыздың бар-жоғын тексеріңіз, оны өшіріп тастаңыз. Полиция, білім басқармасы, мектеп директорлары, ҰҚК ақпараттық жазбадан хабардар. Қазір оның авторын іздеуде”, – делінген ата-аналарға арналған хабарламалардың бірінде.

Тексерулерден кейін жазба жарияланған арнаның жойылғандығы белгілі болды.

 

Shares