Петропавл қаласының 18 жастағы тұрғынынан аса ірі мөлшерде мефедрон тәркіленді
10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Үш айға дейін есірткі жасырушы болып жұмыс істеп, кейін қолға түсетіндер үшін осындай қылмыстық жаза көзделген. Өткен жылдың соңында СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен 18 жастағы петропавлдықты ұстады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Күдікті облыс орталығындағы Жұмысшы кентінде қолға түсті. Тәртіп сақшылары жас жігіттен зиплок пакеттеріне салынған 34 түйіншек тәркіледі. Сараптаманың нәтижесіне сәйкес, олардың ішінде жалпы салмағы 29,95 грамды құраған мефедрон синтетикалық есірткісі болған. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Ұсталған жігіттің тұрғылықты мекенжайынан есірткіні қолдануға арналған құралдар тәркіленді. Жедел уәкілдердің ақпараты бойынша үлкен өмірге жақында аяқ басқан жас жігіт 3 ай ғана жұмыс істеп үлгерген.
“Қазіргі уақытта күдікті күзетпен қамауға алынды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Заңнамамен осындай қылмыс түрі үшін жауапкершіліктің басқа түрі қарастырылмаған. 2023 жылы облыста есірткі өткізудің 115 фактісі тіркелді”, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.