Петропавлда №8 жылу магистраліндегі ақау жойылып жатыр: алты көпқабатты үй сусыз қалды
Қазіргі уақытта «Петропавл жылу желілері» ЖШС мамандары №8 жылу магистраліндегі ақауды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Апатты учаске Амангелді мен Брусиловский көшелерінің, сондай-ақ Амангелді мен Қазақстан Конституциясы көшелерінің қиылысында орналасқан, деп хабарлайды QZ News.
Ақауды толық жою үшін диаметрі 800 мм шамамен 12 метр құбырды ауыстыру қажет. Бұл ақау «Петропавл жылу желілері» ЖШС-де жұмыс істейтін автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесі (АДБЖ) арқылы жедел анықталған.
Аталған жүйе диспетчерлерге нақты уақытта жылу тасымалдағыштың температурасы, қысымы мен су шығыны туралы деректерді бақылауға мүмкіндік береді. Көрсеткіштер қалыпты жағдайдан ауытқыған жағдайда, жөндеу бригадасы дереу апат орнына жіберіледі.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін алты көпқабатты тұрғын үй мен бір заңды тұлғаға ыстық су қайта беріледі. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары 11 шілдеге дейін аяқталуы тиіс.