Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда 100 адам «Тең Қоғам» жобасы аясында білім алды

Петропавлда 100 адам «Тең Қоғам» жобасы аясында білім алды

Петропавлда 100 адам «Тең Қоғам» жобасы аясында білім алды 2021 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, оларды еңбекпен қамтуға бағытталған «Тең Қоғам» жобасы аясында бірегей білім беру бағдарламасы іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 100 адам түрлі бағыттар бойынша оқытудан өтті. Әсіресе, графикалық дизайн курсына сұраныс жоғары. Бұл курс мүмкіндігі шектеулі жандарға жаңа мамандық иесі атанып қана қоймай, үйден шықпай-ақ табыс табуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды QZ News.

Жоба қосымша қолдауға мұқтаж жандар үшін тегін әрі қолжетімді білім беруді мақсат еткен.

«Графикалық дизайн – бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен мүмкіндік. Олар өздеріне ыңғайлы жағдайда жұмыс істеп, үйден шықпай-ақ табыс таба алады. Бұл – адамдардың өз мүмкіндігін жүзеге асырып, тәуелсіз болуға жасаған қадамы», – дейді «Ардос жүрек» қоғамдық бірлестігінің директоры Ақжан Кәрім.

Курсқа қатысушылардың бірі – Матвей Андреев. Оны сабаққа анасы Екатерина алып келген. Матвей бала кезінен сал ауруымен ауырады. Екатерина ұлының компьютерге қызығушылығы зор екенін айтып, бұл курстың оның қабілетін дамытуға үлкен мүмкіндік болғанын жеткізді.

«Осы курс үшін және оқытушылардың шыдамдылығы үшін үлкен алғыс айтамыз. Бұл жай ғана білім емес, ерекше қажеттілігі бар жандарға дамуға және болашаққа жол салуға мүмкіндік», – дейді Екатерина.

Графикалық дизайн курсы небәрі бір айға созылады. Осы уақыт ішінде қатысушылар графикалық редакторлармен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын меңгеріп, визуалды материалдар жасаудың қағидаларын үйренеді.

Shares