Петропавлда әскери қызметшілердің атыс дайындығы әдістемесінің өзекті мәселелері талқыланды
Петропавлда ҚР Ұлттық ұланы Академиясының қару-жарақ және атыс кафедрасы «Атыс дайындығы әдістемесін дамыту тұжырымдамасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Іс-шара «Оқушылар сарайы» базасында ұйымдастырылып, жетекші ғалымдар, әскери мамандар және халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды, деп хабарлайды QZ News.
Конференцияда атыс дайындығы әдістемесінің өзекті мәселелері, заманауи білім беру және техникалық шешімдерді енгізу, сондай-ақ осы саладағы халықаралық тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, атыс дайындығы – әскери қызметшілердің кәсіби даярлығының ажырамас бөлігі. Қазіргі заман талаптары дайындық әдістерін жетілдіруді, инновациялық технологияларды енгізуді және атыс тапсырмаларын орындаудағы психологиялық аспектілерді есепке алуды қажет етеді.
«Атысқа үйретудің ғылыми-әдістемелік және практикалық аспектілері қарастырылды. Әскери қызметшілерді оқыту тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа білім беру бағдарламалары талқыланды. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің психологиялық дайындығы бойынша зерттеулер ұсынылды, оның ішінде атыс тапсырмаларын орындау кезінде стреске төзімділікті арттыру және шешім қабылдау жылдамдығын дамыту мәселелері қаралды. Ең үздік шетелдік тәжірибелер талданып, Қазақстан әскери қызметшілерін дайындау жүйесіне халықаралық стандарттарды интеграциялау перспективалары зерделенді», – деп атап өтті ҚР Ұлттық ұланы Академиясы.
Конференция қорытындысы бойынша атыс дайындығы әдістемесін жетілдіру және әскери қызметшілерді оқытуға жаңа технологияларды енгізу жөнінде практикалық ұсыныстар әзірленді. Қатысушылар кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтті, оған әдістемелік, техникалық және психологиялық дайындықтың біртұтас жүйесі кіруі тиіс.