Петропавлда алаяқ бес жылға сотталды
37 жастағы Петропавл тұрғыны әйелін немесе балаларын емдейтінін айтып, 2016 жылдан бері таныстарынан түрлі сомада қарыз алып келген, деп хабарлайды QZ Mediа тілшісі.
Ер адам қолхат жазып, үстінен ақша қосып қайтарамын деп айтқан. Алайда, сөзінде тұрмаған. Алып отырған ақшаны өзінің қажетіне жаратқан екен.
Алаяқтықтың құрбандары оның қайта-қайта айтқан уәделеріне сеніп, тек 2023 жылы ғана полицияға жүгіне бастаған.
“Аталған қылмыстарды тергеумен айналысқан петропавлдық полицейлер адамдарды алдаудың 14 эпизодын анықтады. 270 мыңнан 15 миллион теңгеге дейінгі шығын келтірілген. Тергеушілердің мұқият жүргізген жұмысының нәтижесінде бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа жіберілді”, – делінген СҚО ПД хабарламасында.
Петропавл қалалық соты 15 ақпан күні күдіктіні айыпты деп таныды. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ ол келтірген шығынды да өтейді. Сот үкімі заңды күшіне енбеді.