Петропавлда «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының 70 %-ға жуығы орындалды
«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасының Жол картасының орындалу барысын қалалық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері талқылады. Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев құжаттың 56 тармағының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Қазіргі уақытта 2027 жылға дейін есептелген Жол картасының орындалуы шамамен 70 пайызды құрайды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Мысалы, бүгінде облыс орталығында 2667 жұмыс орны құрылды. 207 жас түлектерге арналған «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналасты. Білім беру нысандарында қарқынды жұмыс жүргізілуде. 2024 жылы қаладағы 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарына 401,7 млн теңге бөлінді. Білім ошақтарының 100 %-і интернетке қосылған, 2-6 жас аралығындағы балалардың 75,4 пайызы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 116,6 млн теңге бағытталды.
⠀
«2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында 153,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ал желтоқсанда 53,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Қаланың 53 көшесінің жалпы ұзындығы 60 шақырым жергілікті маңызы бар жолдарына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 39 көшеге бұрын асфальт төселмеген. Электрмен жабдықтау желілерінің 101,5, сумен жабдықтау желілерінің 68,2 шақырымдары бойынша жұмыс жүргізіліп, іске қосылды. Сонымен қатар, 1,5 шақырым жылу желілеріне жөндеу жұмыстары атқарылды», – деп атап өтті қала әкімі.
⠀
Серік Мұхамедиев инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік осал топтарды қолдау, спорттық нысандардың пайдалануға берілуі, мүмкіндігі шектеулі адамдарға инфрақұрылым нысандарын бейімдеу және оларды жұмысқа орналастыру туралы да айтты.
⠀
Сонымен қатар жиын барысында Петропавл қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Лаура Қайыржанова 2024 жылдың 12 айында депутаттар атқарған жұмыстары туралы баяндады.