Петропавлда атышулы шенеунік Сара Рамазановаға қатысты үкім шықты
СҚО-да бюджет қаражатын ұрлағаны, пара бергені және алғаны үшін білім бөлімінің қызметкерлері, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы және жеке кәсіпкер жаза арқалады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Петропавл қалалық соты 2022 жылдың қараша айында М. Жұмабаев ауданы білім бөлімінің экс-басшысы Сара Рамазанова жеке кәсіпкердің көмегімен бюджет қаражатын ұрлағанын анықтады. Ол М. Жұмабаев ауданында орналасқан жеті мектептегі автоматты өрт дабылын ағымдағы жөндеуге бөлінген 7 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырып, мемлекетке залал келтірген. Сонымен қатар, Сара Рамазанова білім бөлімінің бас есепшісінің қолдауымен 1 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлап, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудит және қаржылық есептілік бөлімінің басшысына 650 000 теңге көлемінде пара берген.
“Прокурор сотталушыларға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушының үшеуі кінәні – ішінара, ал біреуі толық мойындады. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен және істің жазбаша материалдарымен дәлелденді. Сот мемлекетке келтірілген материалдық залалдың толық өтелуін, тағайындалған жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сотталушыларға елеулі мүліктік жаза тағайындау қажет деп таныды”,- деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімімен Сара Рамазанова ҚК 189-бабының 3-бөлігі 1,2-тармағы, 367-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды және оған қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 88 627 220 теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Жеке кәсіпкер Олжас Темірбаев ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 189-бөлігі, 1, 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды және оған 76 127 220 теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Аудандық бөлімнің бұрынғы бас бухгалтері Ботагөз Қазанғапова ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігі, 189-бабы 3-бөлігі 2-тармағы, 367-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша оған 21 645 000 теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Облыстық мемлекеттік аудит департаменті бөлімінің бұрынғы басшысы Айнагүл Өмірзақова ҚК 366-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, оған 26 000 000 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Сотталушылар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталғандар айыппұлды үкім заңды күшіне енген күннен бастап бір айдан кешіктірмей төлеуге міндетті. Белгіленген мерзімде айыппұл төленбеген жағдайда айыппұл түріндегі жаза бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.