Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда бірегей этно-фотостудия ашылды

Петропавлда бірегей этно-фотостудия ашылды

Петропавлда өзіндік ерекшелігі бар, бірегей этно-фотостудия ашылды. Салтанатты ашылу рәсімі «Digital Urpaq» оқушылар сарайында өтті, деп хабарлайды QZ News.

Жаңа студия келушілерге ұлттық дәстүрлер атмосферасына енуге мүмкіндік береді, қазақ мәдениетінің байлығы мен өзіндік ерекшеліктерін айшықтайды. Этностудияның ашылу салтанатына фотографтар, видеооператорлар, мобилографтар, креативті индустрия өкілдері мен шығармашыл жандар қатысты.

«Жобаның басты мақсаты – мәдени мұраны сақтау. Ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бейнелейтін бірегей фотосуреттер жасау, оларды кең аудиторияға қолжетімді ету. Сонымен қатар, білім беру мен ағарту – қазақ халқының мәдени ерекшеліктерін визуалды бейнелер арқылы таныстыру. Бұдан бөлек, қолөнер мен өнерді қолдау – ұлттық киімдер, аксессуарлар мен дәстүрлі элементтерді заманауи контексте насихаттау», – дейді ұйымдастырушылар.

Этно-фотостудия халық үшін көпфункционалды кеңістікке айналады:

  1. халықтық қолөнер мен этнографиялық дәстүрлер бойынша шеберлік сабақтары мен дәрістер;
  2. әртүрлі халықтардың мәдениеті мен өнеріне арналған көрмелер мен экспозициялар;
  3. этностильдегі фотосессиялар мен арнайы безендірілген тақырыптық түсірілімдер;
  4. ұлттық дәстүрлер мен ойындар, байқаулар мен дәм тату шаралары бар мәдени іс-шаралар мен мерекелер;
  5. креативті жобалар мен видео түсірілімдер үшін арнайы алаңдар;
  6. мәдени мұраға бағытталған экскурсиялар мен фототурлар;
  7. балалар мен жастарға арналған фотосурет және дәстүр сабақтарын қамтитын білім беру бағдарламалары;
  8. қолөнершілер мен суретшілер үшін өнімдерін сату мен көрмелер ұйымдастыруға арналған алаң.

Қонақтар киіз үйдің ішкі жабдықтарын тамашалап, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен танысты. Сондай-ақ ұлттық тағамдардан дәм татып, «Қара жорға» биін биледі, алдағы көктемгі мереке – Наурызға орай Instagram және TikTok желілерінде флешмобтар сериясын бастады.

Shares