Петропавлда дронрейсинг бойынша халықаралық байқаудың өңірлік турнирі өтті
Петропавл қаласында SKO Hub Qyzyljar creative center базасында «AITU KAZROBODRONE 2.0» халықаралық дронрейсинг байқауының іріктеу өңірлік турнирі өтті. Байқауға облыс бойынша 50-ден астам оқушы, студент және ұстаздар қатысты, деп хабарлайды QZ News.
2025 жылғы 3–26 сәуір аралығында Қазақстанның 12 өңірінде «AITU KAZROBODRONE 2.0» дронрейсинг бойынша халықаралық байқаудың өңірлік іріктеу турнирлері өтуде.
Дронрейсинг симуляторындағы іріктеу турнирлерінің басталғанын Astana IT University, «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығы және «KazRobotics» Қазақстанның спорттық және білім беру робототехника федерациясы Caravan of Knowledge пен «Drone.KZ» ЖШС-нің қолдауымен хабарлады.
Байқауға 10–12 сынып оқушылары, колледж және ЖОО студенттері мен ұстаздар қатысады. Қатысушылар симулятордың виртуалды кеңістігінде ұшқышсыз ұшу аппаратын басқару шеберліктерін көрсетеді. Сонымен қатар олар 1 000 000 теңге жүлде қорына таласады.
«Басты мақсат — трассаны бағдарламада дрон арқылы ең қысқа уақыт ішінде, қателіксіз өту. Қатысушылар А нүктесінен В нүктесіне тез әрі дәл ұшып өтуі керек. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша рекорд — 12 секунд», — дейді іс-шара ұйымдастырушысы Зарина Купанова.
Өңірлік кезең жеңімпаздары 2025 жылғы 20 маусымда өтетін финалда Түркия, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген халықаралық командалармен бірге Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.