Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда Ерік Асқаровты еске алу кеші өтті

Петропавлда Ерік Асқаровты еске алу кеші өтті

10 ақпанда жерлесіміз, М. Жұмабаев ауданының тумасы, ақын, аудармашы және драматург Ерік Асқаровтың дүниеге келгеніне 65 жыл толар еді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада еске алуға арналған әдеби кеш өтті. Ақынның шығармаларының алғашқы оқырмандары оның әпкелері болды.

“Ұйықтар алдында әкем бізге әртүрлі ертегілерді жиі оқитын. Мен 4-сыныпта оқып жүрдім. Бір күні әкем әдеттегідей ертегі оқыды. Оқып жатып қателік жіберді. Содан кейін Ерік оған: “Сіз бұл жерді қате атадыңыз”, – деді. Мұны естіген әкем ағамды қуып жіберді: “Кет, мен енді саған оқымаймын, өзің оқы” деді.  Сол кезде ол өз шығармашылығымен айналыса бастаған еді”, – дейді Ерік Асқаровтың әпкесі Алма Нұрышева.

“Оның туындылары үлкен жинақпен жарық көрді. Біз оның шығармаларын үнемі оқимыз, жыл сайын туған күні тойланады. Ол жақсы, мейірімді адам болды”, – деді Ерік Асқаровтың ұлы Бекзат Асқаров.

Қалада көрнекті солтүстікқазақстандықтың құрметіне ашылған Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебі жұмыс істейді.

“Мектеп 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Осы 5 жыл ішінде біз түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болдық. Биыл мектептің алғашқы мерейтойын атап өтеміз”, – деді ақын Аманжол Зағыпар.

Іс-шараға университет пен колледж студенттері қатысты. Еске алу кешінде әдебиетсүйер қауым Ерік Асқаровтың шығармаларының кітап көрмесімен де танысты.

Shares