Петропавлда газ-ауа қоспасының жарылысынан апаттық бригаданың жұмысшыларын термиялық күйік шалды
Петропавлда 19 ақпанда Жуков көшесіндегі үйдің ауласында кәріз коллекторындағы ескі құбырды бөлшектеу кезінде газ-ауа қоспасы жарылып, апаттық бригаданың бес жұмысшысы зардап шекті, деп хабарлайды QZ News.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Көпсалалы қалалық аурухананың бет-жақ хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Қайрат Мәжітовтың айтуынша, жедел жәрдем бригадасы зардап шеккендерді 19 ақпан күні кешкі сағат 8 шамасында ауруханаға жеткізген.
«Төрт науқасқа “бет терісінің 1-2 дәрежелі термиялық күйігі” диагнозы қойылды. Жалпы күйік – 3%. Қазіргі уақытта жағдайлары тұрақты, орташа ауырлықта. Бір науқасқа “құлақ қалқанының термиялық күйігі” диагнозы қойылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Қалғандарының жағдайы тұрақты, жақсарып келеді», – деді дәрігер.
Қайрат Мәжітовтың айтуынша, зардап шеккендер көпсалалы қалалық аурухананың бет-жақ хирургиясы бөлімінде 7-10 күн бойы медициналық бақылауда болады.