Петропавлда мас күйінде көлік жүргізу ісі бойынша жастарға арналған көрсетілімдік сот өтті
Петропавл қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты облыстық прокуратурамен бірлесіп көрсетілімдік сот процесін өткізді. Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтарға «Мүлде төзбеушілік» атты ағартушылық бастама аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ News.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі («Алкогольдік немесе есірткілік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы») бойынша азамат Б.-ға қатысты қозғалды.
Көрсетілімдік сотқа заң саласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Іс қарау нәтижесінде сот азамат Б.-ны кінәлі деп танып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.
«Бұл жай ғана іс қарау емес. Бұл – жастарға құқықтық тәрбие беру, олардың әрбір құқыққа қайшы әрекеттің заңдық жауапкершілікке әкелетінін түсінуіне бағытталған іс-шара. Бұл саладағы мемлекеттік саясат айқын: азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге – мүлде төзбеушілік», – деді Петропавл қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы Дамир Шамұратов.